Әлеуметтік тапсырыс шеңбері

Шымкент қаласының әкімі М.Айтеновке
Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевке
Сыбайластық жемқорлықпен күресетін кім? Осыған жауап бере аласыздар ма?
Екі өңірдің идеологиясына көкірегі ояу, саланы меңгерген білікті мамандардың көңілі неге толмайды? Қазынадан қаралған қаржыларды игерудің жаңа тәсілі пайда болды осы екі өңірде. Мемлекеттік тапсырысты бір көзден беру. Ашық конкурсты белден басады, әлеуметтік тапсырысты да сөйтеді. Бергенде кез келгенге бермейді, алыс-берістері барларға ғана береді. Мемлекеттен тапсырыс алу үшін басшының немесе сол басшы сенетін мемқызметшінің алдына баруың керек. Кейде ой келеді сан мың жұмысы бар басшы осындайға қайдан уақыт табады. Пандемия кезінде басшының алдына кірудің де оңай еместігін көзіміз көріп жүр. Сол себепті де әкім мырзалар, біз сияқтылар үшін айына болса да, салаға жауапты орынбасар мен тиісті басқарманың басшысын алдыңызға шақырып, мемтапсырыстың айналасында әңгіме көп, осы не әңгіме деп сұрап қойсаңыздар болмас па екен? Олар барлығын зуылдатып айтып береді емес пе? Сөздерінің шынайылығын нақтылау үшін ішкі аудитке тапсырма беріп, қаржылық бақылау жасасаңыздар біраз мәселенің басы ашылар еді. Шымкенттің ішкі саясат басқармасы сонша қаржыны авторлық құқығы барлар ғана беріп жатыр деген әңгіме ызыңдағалы қашан десеңізші. Басшы да тым-тырыс, әкім де үн қатпайды. Неге? Сіздер кім үшін жұмыс істеп жүрсіздер. Бюджетті жұмсауға халық атсалысады дегендеріңіз бос сөз боп тұр ғой қазір.
Ал Түркістан облысының дін істері басқармасы дін саласындағы шараларды авторлық құқыққа, патентке қатысты деп барлық қаржысын бір көзден берген. 2011 жылдан бері қарай келе жатқан үш жылдық, бес жылдық тұжырымдамаларда дін саласындағы барлық шаралар қаралып қойған. Американы ашатындай тұжырымдамадан бөлек қандай авторлық құқық қорғалған? Санаға кірмейтін мәселе. Жоқ емес, бар шығар. Ары кетсе екі-үш іс-шараның авторлығы бар шығар. Жаппай бір көзден беру дегенді қалай түсінеміз?
Құрметті өңір басшылары, бір көзден беру заңнамаға сәйкес болса, ешкім ештеңе демес ау. Сыбайлас жемқорлықпен күресуді осы салалардың мемлекеттік сатып алу заңынан бастасаңыздар деген ұсынысым бар. Көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің де, бюджеттен сәл ауыз тмгендердің де алдын аласыздар. Ұсыныс ретінде енгізіліп отырған мәселеге назар аударып, жауабын осында жариялайды деген үмітпен жазып отырмын. Біз де елміз.
P. S. Еститін мемлекет қағидасы аясында қабылдарсыздар.









