ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ШЫҢҒЫС МҰҚАННЫҢ НАЗАРЫНА!

3794

Идеология дегеніміз — мемлекеттік билікті жүзеге асыруды өзіне тапсырған ресми институттар арқылы өзін-өзі және тиісті мемлекеттің идеяларының, білімдерінің, түсініктерінің, құндылықтары мен принциптерінің ажырамас және жүйеленген жиынтығы.

Қазақстандағы мегаполис атауын алған үшінші қала — Шымкенттің идеологиясын жандандырамын, тың идеяларды іске асырамын деп келгеніңізге 69 күн болыпты.   Бұл қала өмірі үшін үлкен мерзім.

«Осы аралықта идеология саласында қандай еңбегіңізді айта аласыз, қандай жұмыстар атқардыңыз, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде нәтижелі жұмысқа жетудің жоспарын немесе тұжырымдаманың жасалуына, я болмаса, бекітілуіне қол жеткіздіңіз бе?»,  — деген сауал қойғым келеді.

Қала әкімдігінің идеологияға қатысты саласында атқарылып жатқан жұмыстар бар шығар. Бірақ төмендегі бірқатар мәселеде ешқандай оңды өзгеріс болмай отыр:

— Халықтың бірлігі және аймақтағы тұрақтылықты, татулықты, түсіністікті  қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру;

— Ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша қаланың жергілікті атқарушы органдарының қызметін, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және халықты қорғау, жұмыспен қамту, этносаралық және конфессияаралық келісім, патриоттық тәрбие және жастар, дін саясаты саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметті ақпараттық-идеологиялық қамтамасыз ету, лингвистикалық, ақпараттық, мәдени, гендерлік және отбасылық-демографиялық салаларда мемлекеттік рәміздерді насихаттау;

— Аймақта Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының, 2050 стратегиясы, «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам», «Мәңгілік ел» идеясы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларының, мемлекеттік және салалық бағдарламаларының және басқа да стратегиялық құжаттарының негізгі басымдықтарын түсіндіру мен насихаттауды қамтамасыз ету;

— Өңірде мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

— Қоғамда ұлтаралық келісім мен толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

— Демократиялық нормаларға негізделген азаматтардың саяси және құқықтық мәдениетін қалыптастыру;

— Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру;

— Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін насихаттау;

— Этносаралық келісімге қол жеткізуге бағытталған ағартушылық және баспа қызметінде жүзеге асыру;

— Этномәдени қоғамдық бірлестіктерге әдістемелік көмектер көрсету;

— Қала аумағындағы үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнату, кеңес отырысын өткізу (тоқсанына 1 рет).

Айта берсең, көрінбейтін (мүмкін атқарылмаған) жұмыстар шаш етектен.

Сонымен қатар, мемлекеттік және жеке бұқаралық ақпарат құралдарында идеологиялық үгіт-насихат жұмысындағы елеулі проблемалар мен олқылықтар байқалады. Атап айтқанда: мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру көлемі жетерлік, алайда, халықтың ресми бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім деңгейі сәйкес келмейтін сияқты. Себебі, мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылатын газетті немесе сайтты іздеп жүріп оқитын жаңалық күткіш оқырмандар саны аз.

Тіпті, ондай басылымдар мен сайттарды мемлекеттік тапсырыс аяқталған соң таппай қаласыз. Тиражы пәленбай мың деген газеттердің өзі жергілікті баспа үйлерімен келісіп, үнемделген тиражбен шығып жатады. Ал, миллиондап тендер ұтып алған сайттардың ақпараты аптасына не айына жаңарса қуанатын күнге жеттік.

Ол аз десеңіз, қалалық басқармалар кәсіби журналистерден гөрі блогерлермен жұмыс істеуге көшкен. Сіз олар таратып жүрген ақпарат 100 пайыз тексерілген, мемлекеттік саясатқа қарсы емес деп кепілдік бере аласыз ба?

Бұл нені көрсетеді? Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыру саясатының және оның орындалуын мазмұнды бақылау практикасының жетілмегендігі байқалады. Бір құрылтайшы бірнеше сала бойынша бірнеше миллион қаржыны игеруде.

Қазіргі қала тіршілігінде баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдарына қараңыз. Тек, құрылыс, жол, М.Әйтенов, осы мәселелерден басқаға қалам тартпайды. Оның өзі де қала әкімінің кеңесшісі Бекен Қоныс келгелі ретке келді. Шынтуайтында, қала әкімін «пиарлату» жүріп жатыр. Халыққа керекті бір ой қозғайтын, мәселе көтеретін дүние жоқ. Негізінде, әкім жұмысын пиарлату фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланған материалдарға «лайк» басып, не  оны бөлісумен ғана тұрмайды.

Әкімнің имиджі – қаланың имиджі, ал қаланың имиджі – әкімнің имиджі. Миллионды қалада күнделікті жаңалықтар, түрлі шаралар өткізіліп жатады. Сол атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ-на жеткізе білу де өнер. Осы орайда, үшінші мегаполистің басқармалары мен аудан әкімі аппараттары Түркістан облысы әкімдігінің қызметкерлерінен үлгі алса, артықтық етпес еді. Себебі, Шымкент – республика бойынша маңызды үшінші қала болғандықтан, қалада болып жатқан барлық қоғамдық-саяси өзгерістер мен жаңалықтар  үнемі Президент Әкімшілігінің назарында болатынын есте сақтаған жөн.

Қалалық басқармаларда білікті кадрлар жетіспеушілігі қатты байқалады. Кейде, осы қала әкімдігін өз саласына мүлдем қатысы жоқ адамдар сырттай басқарып отыратын сияқты болып көрінеді. Ішкі саясат басқармасының жұмысы да қожырап кетті. Басшысы бала күтіміне байланысты демалыстан енді шықты. Біраз уақыт басқарманың бірінші басшысы болмағаны аздай оның орынбасарының орны да босап қалды. Жастар басқармасын ішкі саясатқа қосып «ботқасын» шығарды. Алайда, сол салаға жауапты орынбасар бекітілмеді. Ал, жастар арасында білікті кадр Е.Айтбаев келгелі кішкене жылжу пайда болғанын айта кеткен жөн.

Мәдениет басқармасына басшы енді тағайындалды, алайда, этноауылға қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берген мекеме директорына қандай шара көрілді? Жабулы қазан жабулы күйінде қалмады ма? Дін істері басқармасы бөлек шыққалы әлі кадр мәселесін шеше алмай келеді. Кадр болмағаннан кейін ауыз толтырып айтатын жұмыс жүріп жатқан жоқ. Бұл салалар Сізге қарайтын басқармалар, яғни, ішкі саяси тұрақтылыққа әсер ететін негізгі басқармалар болғандықтан айтып отырмын.

Ішкі саясат және жастар істері басқармасына қарасты білдей «Ақпараттау талдау орталығы» мекемесі бар екені Өзіңізге белгілі. Мекеменің 40-тан аса штаттық бірлігі тағы бар. Алайда, сол қырық қызметкердің жартысы ашылғалы бері басқарма мамандарының көмекшісіне айналған. Тіпті, онда басшының тамыр-танысы арқылы жұмысқа кірген кей «ерке тотайлар» жұмысқа да келмейді екен. Ал, күнделікті басқармада жүріп, көмекшілік қызметті атқару аталған мекеме мамандарының қызметтік міндетіне кіреді ме? Сонда басқарманың штаттағы келісімшартпен жұмыс жасайтын қызметкерлерінің міндетіне не кіреді?

Көмекшілік қызметке Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз азаматтарды «Жастар практикасы» арқылы алған қала бюджетіне әлдеқайда тиімдірек әрі үнемдірек болар еді …

Өзіңіздің төрағалығыңызбен бүгінгі күнге дейін үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу өткен жоқ. Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысы өткен жоқ. Ішкі саясат басқармасы айналысатын саланың бірі – саяси партиялармен, БАҚ құралдарымен, ҮЕҰ жұмысты үйлестіру болып табылады. Алайда, Өзіңіз қызметке тағайындалғаннан бері жоғарыдағы салалардың аталған бағыттары бойынша қандай келелі жұмыстар жүргіздіңіз? Жоқ дегенде онлайн форматта  кездесу өткіздіңіз бе? Өтпесе оған не себеп? Отбасы және гендерлік саясатты қалыптастырудағы жұмыстар тек республикалық деңгейде өткен отырыстан ғана хабардармыз, ал, қаланың инициативасы көрінбейді.

Арнайы комиссияның отрысы өтуімен ғана шектелген. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау – өзге мекемелердің ісшараларын жинақтап, қағаз жүзінде есеп берумен ғана шектелмейтін білетін шығарсыз…

Қала халқы арасында наразылық туындау (Ыстық нүкте) қауіпі бар мәселелер толыққанды талданады ма? Оның алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүре ме? Ол бойынша қандай жоспар-тапсырмалар бекітілді? Зерттеліп, талданған болса, «наразы адамдар қайдан пайда болады», — деген сұраққа жауап іздеп таба алмайсың.

Қаланың ішкі және қоғамдық саяси ахуалы тұрақты ма? Тұрақты деп айтқыңыз келсе, қандай негіздемеге сүйене отырып айтар едіңіз?

Идеология саласындағы жұмыстарды жазғаныма ренжімессіз, мен Сізді қаралайын деп отырғаным жоқ. Керісінше, мен сияқты Сіздер қағаз жүзінде атқарып жүрген идеология саласындағы жаңалықтан хабарсыз қалып кеткен азаматтарға жоғарыда жазылған мәселелерге толыққанды жауап жазсаңыз. «Барлығымыз хабардар боламыз», деген үмітпен жазып отыр деп есептеңіз. Жауабын күтеміз!!!

 

«AQPAR.kz» ақпараттық агенттігінің

бас редакторы Ұ.Маймақова

 

Фото ғаламтор желісінен алынды.

 

ПІКІР ЖАЗУ