АЙТПАСА СӨЗДІҢ АТАСЫ ӨЛЕДІ …

3281

Шымкент қаласының әкімі

Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтің назарына!

 

Құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы!

Әйелдің жанын – әйел ғана түсінеді. Барлық ер адамның әжесі, анасы, жұбайы, қарындасы, қызы, жалпы әйел затынан жақын туысы бар. Жарық дүниеге ұрпақ әкеліп, баласының жай-күйін жасайтын — әйел екенін олар (ер азаматтар) жақсы біледі, білуі тиіс. Жә, оған кейінірек ораламыз.

Қайырымды қаланың еліміздегі республикалық маңызы бар үшінші қала атанғанына да екі жылдан асты. Осы жылдарға дейін, одан кейін де қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларындағы шаруалар тоқтаған емес, керісінше күннен-күнге қаламыздың әлеуеті артуда. Жұмыстардың негізгі бағыты жол, құрылыс, карантиндік кезең, жұмыс орындарын ашу, қоғамдық көлік мәселесі, инвестиция тарту, салық өндіру, ауыл шаруашылық, тағысын тағы салалар. Көңіл тоярлық жұмыстарды күнделікті телеарнадан, әлеуметтік желілерден көріп, хабардар болып жүрміз.

Негізгі мәселе – қаланың демографиялық ахуалы болып отыр. Аты бар да, заты жоғыңқыраған сала болды бұл.

Біздің миллионды өзіне тұрғын еткен мегаполистің, еліміздегі аты дардай ҮШІНШІ ҚАЛАДА әйелдердің босанатын шамамен 5-6 перинатальды орталықтардың ішінде жалғыз – НҰРСӘТТЕГІ ПЕРИНАТАЛЬДЫ ОРТАЛЫҚ. Оның барына да, оны салып берген «мейірімді жандарға» да шүкір. Алайда, миллионды қаланың әйелдерін түгел қабылдауға Нұрсәттегі жалғыз орталықтың шамасы жетеді ме? Қалада басқа да орталықтар бар дейсіздер ғой … Мынадай алмағайып заманда қалған орталықтарда босану түгілі, есігінен бас сұғудың өзі қорқынышты көрінеді.  Алдымыз жаз емес – 3 ай қыс.

Іргесі Кеңес заманында қаланған орталықтарда еліміздің болашақтарын дүниеге әкелуге сеніп тапсыруға болады ма?

Бұлай жан ұшырып айғайлауға мына сілтемедегі жазба түркі болды: https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=818247495625628&id=100023211544728

Жалпы, босану орындарындағы алып-қашпа әңгімелер ел арасында жеткілікті дерсің. Ал мында, жаңа босанған жас ананың жанайқайы. Мұны естір құлақ болса әрине…

Қысқаша келтіре кетейін: «1 бөлімнің 4 ақ палатасы бар, 1 палатада 7адам жатыр тағыда карантин дейміз патология болғанмен науқасына қарай бөлмейді ме адамды, мысалы мен ОРВИмен түсіп босану мерзімі асқан әйелдер мен жатырм бір палатада, біреудің жөтелгенін толғатып жатқан адам жақтырама? көрпе төсектердің ескілігі мен палатада жүрген таракандар бөлек әңгіме, ғимарат өте суық ұрсып жүріп печка қостыртып алдық әйтеуір, бір бөлімнің қызметкеріне де науқасына да бір әжетхана, ыстық су кейде бар кейде жоқ, кезек күтіп тұрасың, еще ұрсады келіп бәрі айқайлай береді «қыздар өйтпейміз қыздар бүйтпейміз үйінде сөйтесіңба не деп шәңк шәңк етіп санитаркада врачта» патология бөлімінен жүкті болып ауырып ем іздеп, е адамында, е бөлімінде жылу жоқ не жағдай мынау?»

Ешқандай шенеуніктің жұбайы, келіні немесе қызы, тіпті туысы тарақаны бар тар бөлмеде босанбаса керек-ті. Біздердікі — босанатын орын мен ақ халат киген жандар болса болды, соқыр тауыққа — бәрі бидайдың кебін кие саламыз.

Бала мен ана мәселесі ешқашан да кезек күттірмеуі керек.  Ұлт болашағына дұрыс көзқарас танытпау —  оның діңгегіне балта шабу деп түсінемін.

Тағы бір жәйт, Асардағы «тәж тажалға» арналған арнайы орталықтың құны 6 млрд. асса да,  өкпеге қажетті оттегі концентрантын жеткізуші құбырлары, асхана мен кір жуатын бөлмелері болмаған, соның арқасында қанша жақынымыздан айырылдық. Ендігі жерде, кеш болса да ол олқылықты реттегеніне қуанып отырмыз.

Қазақта «айтпаса сөздің атасы өледі» деген сөз бар. Әрбір азаматтық пікірін білдірген жанды «ата жау» көріп, мемлекеттің сеніп тапсырған міндеттерін ысырып, яғни халықтың сеніп тапсырған билігін, кері тартып отырса, ондай орынбасарлар мен сала басшылары неге керек?

Сөз соңында …

Мен өз тарапымнан ұлттық идеологияға бағыты бойынша бірнеше рет кенжелеп қалған салалар бойынша жеткізгенмін. Сіздің жұмысыңыз бастан асып артылатынын жете түсініп, салаға жауапты бірінші орынбасарыңызға  арнайы пост жазып хабардар етіп отырдым. Бірақ ешқандай жауап жоқ. Неге?

Осы посттың жауабын Сіз береді деген үміттеміз. Демографияны дамытуда ұлттық идеология екенін түсінетін уақыт жетті.

 

P.S. Материалды жазу барысында «Шаңырақ» Қоғамдық бірлестігінің» фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасынан үзінділер алынды.

Фото интернеттің ашық көздерінен алынды.

 

«AQPAR KZ» ақпараттық агентттігінің бас редакторы Ұ.Маймақова 

 

ПІКІР ЖАЗУ